Ауғанның отты жалыны
Соғыс. Жазықсыз төгілген қан. Зұлымдық. Қай кезде де суық естіледі. Тарих қойнауына көз жіберсек қаралы жылдармен орын алған уақыттың бірі – Ауған соғысы. Бұл – 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, ішкі істеріне қол сұғуынан тұтанған соғыс. Осы кезде Кеңес өкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерін кіргізуге шешім қабылданды. Қанша адамның өмірін жалмап, қанша азаматтың болашағына балта шабылды. Ұзаққа созылған бұл соғыс елдің өз ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен де жалғаса берді. Бұл ретте мұндай зұлматтың абырой әпермейтінін білген Кеңес өкіметінің басшылары Ауғанстандағы барлық әскерді екі жыл ішінде толықтай алып шығу туралы шешімге келді. Осылайша 1989 жылдың 15 ақпанында қолбасшы, генерал-лейтенант Б.Громов «Кеңес әскері Ауғанстан жерінен толықтай шығарылды» деген мәлімдеме жасады. Бүгінде елімізде 10000-ға жуық ауған соғысының ардагері болса, олардың 3000-дайы мүгедек болып оралған. Сандарды сөйлетсек, облыс бойынша соғысқа қатысқан 860 адамның 20-сы қаза тауып, 28-і мүгедектер қатарында. Ал ауданнан бұл соғысқа 80-нен астам азамат қатысып, оның бірнешеуі майдан даласында қаза тапты.